Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
92-бап. Салықтық әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі пилоттық
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
жобалар
1. Салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында салық органдары салықтық әкімшілендірудің және салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерін орындауының, оның ішінде салық агентінің функцияларын жүктей отырып, өзге де тәртібін көздейтін пилоттық жобаны іске асыруды жүзеге асыруға құқылы.
Пилоттық жобаны іске асыру кезінде салық органы өзге де уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Пилоттық жобаны іске асыру қағидаларын уәкілетті орган айқындайды.
Пилоттық жобаны іске асыру қағидалары:
1) пилоттық жобаның мақсаттары мен міндеттерін;
2) пилоттық жобаны іске асыру тәртібін;
3) пилоттық жобаны іске асыру мерзімін;
4) пилоттық жоба қолданылатын салық төлеушілердің (салық агенттерінің) санаттарын;
5) пилоттық жобаны қолдану аумағын (учаскесін) қамтуға тиіс.
Пилоттық жобаны іске асыру қағидаларын салық органдары, пилоттық жобаға қатысушылар, уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар орындауға тиіс.
Пилоттық жобаны іске асыру кезеңінде пилоттық жобаға қатысушылар пилоттық жобаны іске асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен осы Кодексте белгіленген салықтық міндеттемелерге ұқсас міндеттемелерді орындайды.
2. Пилоттық жоба салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерін орындау қажеттілігінің тиісті негіздемесі бар Қазақстан Республикасының заңнамасын талдау қорытындылары бойынша іске асырылады.
Талдау уәкілетті органның интернет-ресурсында жариялануға тиіс.
3. Пилоттық жобаны іске асыру туралы шешім мынадай:
1) салықтық әкімшілендіруді жаңғырту мен жетілдіру салықтық міндеттемелердің орындалуын жеңілдету, заңсыз экономикалық қызметтің және салық төлеуден жалтару схемаларының жолын кесу, сондай-ақ адал салық төлеушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында жүзеге асырылатыны түсінілетін негізділік;
2) енгізілетін пилоттық жоба туралы ақпараттың қолжетімділігі, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында салық құпиясына қатысты белгіленген шектеулерді ескере отырып, оны енгізу уәждерінің айқындығы түсінілетін ашықтық;
3) салық төлеушілердің енгізілетін пилоттық жобаның шарттарын орындау мүмкіндігі түсінілетін орындалу;
4) пилоттық жобаның әсер ету деңгейінің қолайсыз оқиғалардың туындау тәуекелі дәрежесіне сәйкестігі түсінілетін мөлшерлестік пен ұтымдылық шарттары бір мезгілде сақталған кезде қабылданады.
4. Пилоттық жобаның басталу күні және пилоттық жоба қолданылатын салық төлеушілердің санаттары басталғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын масс-медиада жариялануға тиіс.
5. Салық төлеушінің пилоттық жобаға қатысуы, егер пилоттық жобаларды іске асыру қағидалары:
1) салық төлеуші үшін осындай пилоттық жобаны іске асыруға, атап айтқанда материалдық-техникалық құралдарды, бағдарламалық қамтылымды және олармен байланысты өнімдерді (компьютерлік жабдықты қоспағанда) өзі дербес сатып алуға, еңбек шарттарының болуымен расталған қызметкерлерді қосымша жалдауға байланысты қосымша шығыстардың қажеттілігін белгілесе;
2) пилоттық жобаларды іске асыру күнінің алдындағы салықтық кезеңдер үшін салық төлеуші орындаған салықтық міндеттемелерге қолданылса;
3) салықтық тіркеу мәселелерімен, салықтық есептілік нысандарын қабылдаумен байланысты болса, ерікті болып табылады.
Салық төлеушінің жоғарыда көрсетілген пилоттық жобаларға ерікті түрде қатысуы және оларды іске асыру қағидаларын орындау мұндай салық төлеушіні осы баптың 1-тармағының алтыншы бөлігінде көзделген шарт ескеріле отырып, осы Кодексте көзделген салықтық міндеттемелерді орындаудан босатпайды.
Пилоттық жобаларға ерікті негізде қатысатын салық төлеушілерге, егер бұзушылық уәкілетті органның пилоттық ақпараттық жүйесіндегі техникалық және (немесе) әдіснамалық қателерге және (немесе) пилоттық жоба шеңберінде операцияларды ресімдеу кезінде жіберілген салық төлеушінің қателеріне байланысты болса, оларды іске асыру қағидаларын бұзғаны үшін:
салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген әкімшілік жазалар мен әкімшілік-құқықтық ықпал ету шаралары қолданылмайды.
6. Пилоттық жобаға қатысушы осы Кодексте көзделген құқықтар мен міндеттерді қоса алғанда:
1) мыналарға:
құпия ақпаратты қоспағанда, салық органдарынан пилоттық жоба туралы ақпарат алуға;
пилоттық жобаны іске асыру барысында туындайтын мәселелер бойынша сұрау салулар жіберуге және түсіндірмелер алуға;
пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде белгіленген салықтық міндеттемені орындау мәселелері бойынша бұзушылықтарды жою жөнінде түсіндірмелер алуға;
салықтық міндеттемені орындау мәселелері бойынша іске асырылатын пилоттық жоба шеңберінде анықталған бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын өз бетінше жоюға құқылы;
2) мыналарға:
қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде мәліметтер мен құжаттарды, сондай-ақ жазбаша түсінікті беруге;
автоматтандырылған бухгалтерлік есепке алу жүйесіне қолжетімділік беруге;
мүлікке түгендеу жүргізу үшін, оның ішінде пилоттық жобаны іске асыру қағидаларында көзделген жағдайларда құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкестігіне түгендеу жүргізу үшін салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылатын мүлікке, тұрған жеріне қарамастан, қолжетімділік беруге міндетті.
7. Осы Кодексте көзделген құқықтар мен міндеттерді қоса алғанда, салық органы:
1) мыналарға:
пилоттық жобаны іске асыру қағидаларында көзделген жағдайларда пилоттық жоба барысында туындайтын мәселелер бойынша мәліметтерді, құжаттарды және жазбаша түсіндірмелерді қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық құжат нысанында сұратуға және алуға;
пилоттық жобаны іске асыру қағидаларында көзделген негіздер бойынша және жағдайларда салық органының ақпараттық жүйесіне қолжетімділікті шектеуге құқылы;
2) мыналарға:
іске асыру жоспарланған пилоттық жоба туралы ақпаратты масс-медиада алдын ала жариялауға;
қолданыстағы пилоттық жобалар туралы ақпарат беруге;
пилоттық жобаны іске асыру барысында туындайтын мәселелер бойынша түсіндірмелер беруге;
пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде салықтық міндеттемені орындау мәселелері бойынша бұзушылықтарды жою жөнінде түсіндірмелер беруге міндетті.
8. Пилоттық жобаны жүргізу қорытындылары бойынша салық органы жетілдірілген салықтық әкімшілендіруді енгізу (тоқтату) және (немесе) салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерді орындауы, оның ішінде салық агентінің функцияларын жүктеу туралы шешімді қамтитын талдау жасайды.
Бұл ретте пилоттық жоба оны енгізу тиімділігіне, оның ішінде:
1) салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық міндеттемелерді орындау деңгейін;
2) салық төлеуші (салық агенті) және салық органы үшін әкімшілік және қаржылық шығасыларды төмендетуді;
3) салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсімдерін ескере отырып талдау жасалады.
Талдау пилоттық жоба аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей масс-медиада жариялануға тиіс.
9. Салық органдары әрбір пилоттық жобаның ұзақтығы үш жылға дейін болатын бесеуден аспайтын пилоттық жобаны күнтізбелік жыл ішінде бастауға құқылы.
Осы тармақтың ережесі салық төлеушілердің ерікті түрде қатысуын көздейтін пилоттық жобаларға қолданылмайды.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-92/