Күшін жойған
·
01.01.2026 редакциясы
38-тарау. ТӨЛЕМ КӨЗІНЕН ҰСТАЛАТЫН ЖЕКЕ ТАБЫС САЛЫҒЫН ЕСЕПТЕУ, ТӨЛЕУ ЖӘНЕ ОЛ БОЙЫНША САЛЫҚТЫҚ ЕСЕПТІЛІКТІ ҰСЫНУ ТӘРТІБІ
О НАЛОГАХ И ДРУГИХ ОБЯЗАТЕЛЬНЫХ ПЛАТЕЖАХ В БЮДЖЕТ (НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС) · № 120-VI
352-бап. Төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығы бойынша жалпы ережелер
1.
Жеке табыс салығын есептеуді, ұстап қалуды және бюджетке төлеуді төлем көзінен салық агенті осы Кодекстің 321-бабының 1) – 12) және 17) тармақшаларында көрсетілген кірістер бойынша, егер мұндай кірістерді аталған салық агенті төлеуге тиіс болса (төлесе), жүзеге асырады.
2.
Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, резидент-жеке тұлғаға кіріс төлейтін мынадай тұлғалар салық агенттері деп танылады:
1) дара кәсіпкер;
2) жеке практикамен айналысатын адам;
3) заңды тұлға, оның ішінде Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент.
Бұл ретте бейрезидент-заңды тұлға құрылымдық бөлімшесі немесе құрылымдық бөлімше ашпай тұрақты мекемесі Қазақстан Республикасының салық органдарында тіркеу есебіне қойылған күннен бастап салық агенті деп танылады;
4) егер осы құрылымдық бөлімше қосарланған салық салуды болғызбау және салықтарды төлеуден жалтаруға жол бермеу мәселелерін реттейтін халықаралық шартқа немесе осы Кодекстің 220-бабына сәйкес тұрақты мекеме құрмаса, Қазақстан Республикасында қызметін құрылымдық бөлімше арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлға.
3.
Мыналар салық агенттері деп танылмайды:
1) Қазақстан Республикасында аккредиттелген, шет мемлекеттің дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктері, шет мемлекеттің консулдық мекемелері;
2) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес төлем көзінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттемеден босатылған халықаралық және мемлекеттік ұйымдар, шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар және қорлар.
4.
Резидент-заңды тұлға өз шешімімен құрылымдық бөлімшесінің бір мезгілде мынадай міндетті орындағанын тануға құқылы:
төлем көзінен салық салуға жататын, осындай құрылымдық бөлімше есепке жазған, төлеген кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару;
осындай құрылымдық бөлімшенің шығыстары болып табылатын салық салу объектілері бойынша әлеуметтік салықты есептеу және төлеу.
Бұл ретте резидент-заңды тұлғаның осындай шешімі:
заңды тұлғаның жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшесіне қатысты – осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған тоқсаннан кейінгі тоқсанның басынан бастап;
қалған жағдайларда – осындай шешім қабылданған тоқсаннан кейінгі тоқсанның басынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Резидент-заңды тұлғаның осындай шешімінің күшін жою осындай шешімнің күші жойылған тоқсаннан кейінгі тоқсанның басынан бастап қолданысқа енгізіледі.
5. Депозитарлық қолхаттар бойынша кірістерден жеке табыс салығын есептеуді және ұстап қалуды осындай депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитенті жүргізеді.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk-2017/st-352/