Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
440-бап. Төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығы бойынша жалпы
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
ережелер, сондай-ақ осы салықты есептеу, ұстап қалу
және төлеу
1. Жеке табыс салығын есептеуді, ұстап қалуды және бюджетке төлеуді, егер мұндай кірістер салық агентінің төлеуіне жататын болса (төлесе), төлем көзінен аталған салық агенті осы Кодекстің 425-бабында көрсетілген кірістер бойынша жүзеге асырады.
2. Төлем көзінен салық салуға жататын кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеуді салық агенті салық салуға жататын кірісті есепке жазу кезінде жүргізеді.
Жеке табыс салығының сомасы осы Кодекстің 363-бабында белгіленген мөлшерлемелерді, жұмыскердің кірісін қоспағанда, осы бөлімге сәйкес айқындалатын төлем көзінен салық салынатын тиісті кіріс сомасына қолдану арқылы есептеледі.
Жұмыскердің кірісі бойынша жеке табыс салығының сомасы осы Кодекстің 441-бабында белгіленген тәртіппен есептеледі.
3. Салық агенті жеке табыс салығын ұстап қалуды төлем көзінен салық салуға жататын кірісті төлеу күнінен кешіктірмей жүргізеді.
4. Салық агенті төленген кірістер бойынша жеке табыс салығын аударуды кіріс төлеу жүзеге асырылған ай аяқталғаннан кейін күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей өзінің тұрған жері бойынша жүзеге асырады.
5. Салық агентінің құрылымдық бөлімшелері жұмыскерлерінің кірістері бойынша жеке табыс салығын аудару осы құрылымдық бөлімшелердің тұрған жері бойынша тиісті бюджеттерге жүргізіледі.
6. Резидент-заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесінің:
төлем көзінен салық салуға жататын, осындай құрылымдық бөлімше есепке жазған, төлеген кірістер бойынша жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және аудару;
осындай құрылымдық бөлімшенің шығыстары болып табылатын салық салу объектілері бойынша әлеуметтік салықты есептеу және төлеу жөніндегі міндетті бір мезгілде орындағанын тануға құқылы.
Бұл ретте резидент-заңды тұлғаның осындай шешімі:
заңды тұлғаның жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшесіне қатысты – осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған тоқсаннан кейінгі тоқсанның басынан бастап;
қалған жағдайларда – осындай шешім қабылданған тоқсаннан кейінгі тоқсанның басынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Резидент-заңды тұлғаның осындай шешімінің күшін жою осындай шешімнің күші жойылған тоқсаннан кейінгі тоқсанның басынан бастап қолданысқа енгізіледі.
7. Депозитарлық қолхаттар бойынша кірістерден жеке табыс салығын есептеуді және ұстап қалуды осындай депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитенті жүргізеді.
8. Салық агенті осы Кодекстің ережелеріне сәйкес төлем көзінен салық салуға жататын кірістерден есептелген жеке табыс салығының сомасын оны ұстап қалмай, өз қаражаты есебінен төлеген кезде салық агентінің төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеті орындалды деп есептеледі.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-440/