Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
239-бап. Өткізуден түсетін кіріс
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 227. Доход от реализации
· толық сәйкестік кестесі
Бұрынғы кодексте:
Статья 239. Доход, полученный при эксплуатации объектов
· толық сәйкестік кестесі
1. Осы Кодекстiң 237-бабы 2-тармағының 2) – 31) тармақшаларына сәйкес жылдық жиынтық кіріске енгiзiлетiн кірістерден басқа, тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлген қызметтердi өткiзу кезінде туындайтын кіріс сомасы өткізуден түсетiн кіріс деп танылады.
Осы Кодекстiң 310-бабының 1-тармағында көрсетiлген кірістер осы Кодекстің 305-бабының 1-тармағында көрсетілген шығыстар сомасынан аспайтын бөлікте өткізуден түсетiн кіріс деп танылмайды.
2. Өткізуден түсетін кіріс өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер құнының мөлшерінде, оған қосылған құн салығы мен акциздің сомасы қосылмастан айқындалады.
3. Өткізуден түсетін кірісті тану күні халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалады.
4. Осы бөлімнің мақсаттарында қызметтер көрсетуден түсетін кіріске, сондай-ақ:
1) кредит (қарыз, микрокредит) бойынша, репо операциялары бойынша сыйақылар түріндегі кіріс;
2) мүлікті лизинг шарты бойынша беру жөніндегі сыйақылар түріндегі кіріс;
3) роялти;
4) лизингтен басқа, мүлікті мүліктік жалдауға (жалға беруге) тапсырудан түсетін кіріс жатады.
5. Өткізуден түсетін кіріс Қазақстан Республикасының трансферттiк баға белгiлеу туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен түзетілуге жатады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-239/