Қолданыста
·
01.07.2026 редакциясы
372-бап. Үй жұмыскерінің кірісін қоса алғандағы жұмыскердің кірісі
НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII
Бұрынғы кодексте:
Статья 322. Доход работника
· толық сәйкестік кестесі
1. Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес еңбек қатынастарының болуына байланысты еңбекке ақы төлеу және өзге де материалдық пайда түрінде жұмыс берушіден алуға жататын және (немесе) алынған кірістері жұмыскердің салық салуға жататын кірістері болып табылады.
2. Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасында немесе оның шегінен тысқары жерде алғанына;
2) кіріс алынған нысанға қарамастан, жұмыскердің кірісі деп танылады.
3. Мыналар жұмыскердің салық салуға жататын кірістері болып табылады:
1) жұмыскердің жұмыс берушіден қайтарымсыз негізде меншігіне алған ақшасы;
2) жұмыскер:
жұмыс берушіден;
үшінші тұлғалардан меншігіне алған тауарлардың, бағалы қағаздардың, қатысу үлесінің және өзге де мүліктің (ақшадан басқа) және жұмыс берушінің осындай үшінші тұлғаға және (немесе) жұмыскерге төлеген құны;
3) жұмыскер:
жұмыс берушіден;
үшінші тұлғалардан алған және жұмыс беруші осындай үшінші тұлғаға және (немесе) жұмыскерге төлеген орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны;
4) жұмыс берушінің жұмыскерге тауарларды өткізу құны мен:
тауарларды өткізу күніне жұмыс берушіде ескерілген қайта бағалау есепке алынбайтын осы тауарлардың баланстық құны немесе
жұмыс беруші бухгалтерлік есепке алуды жүзеге асырмайтын жағдайларда, сатып алу бағасы арасындағы теріс айырма;
5) жұмыс беруші жұмыскерге өтеусіз негізде орындаған жұмыстардың, көрсеткен қызметтердің құны мен жұмыс берушінің осындай жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты шеккен шығыстарының арасындағы теріс айырма;
6) жұмыс берушінің шешімі бойынша есептен шығарылған, тоқтатылған, кешірілген, жұмыскердің жұмыс беруші алдындағы борышының немесе міндеттемесінің сомасы.
Осы тармақтың ережелері жеке тұлға еңбек қатынастарында тұрған адамнан осындай еңбек қатынастарынан туындаған негіздер бойынша алынуға жататын және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыскер жұмыстан шығарылғаннан кейін төленетін кірістерге де қолданылады.
Осы тармақтың 1) – 3) тармақшаларының ережелері жұмыскерде алынған мүлік, оның ішінде ақша, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер үшін дебиторлық берешек туындаған кезде қолданылмайды.
4. Осы баптың 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларының мақсаттары үшін алынған мүліктің, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны қосылған құн салығының және акциздердің тиісті сомасы ескеріле отырып:
1) баланстық құны бойынша алынған мүлік оны берген күні беруші тұлғада ескерілген осындай баланстық құн мөлшерінде немесе баланстық құны болмаған кезде – мүлікті қабылдау-беру жүргізілген шартта немесе оның негізінде өзге де құжатта айқындалған мүліктің құны;
2) жұмыс берушінің жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге байланысты шеккен шығыстары мөлшерінде айқындалады.
5. Кірістердің мынадай түрлері жұмыскердің кірісіне жатпайды:
1) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін кіріс;
2) біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі және зейнетақы төлемдері түріндегі кіріс;
3) дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түріндегі кіріс;
4) стипендиялар;
5) сақтандыру шарттары бойынша кіріс;
6) мүліктік кіріс;
7) дара кәсіпкердің кірісі;
8) жеке практикамен айналысатын адамның кірісі;
9) жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін кірістер.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-372/