НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН Қолданыста Кодекс ·№ 214-VIII ·18.07.2025
Қолданыста · 01.07.2026 редакциясы

709-бап. Шығыстарды пропорционалды бөлу әдісі

НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН · № 214-VIII

1. Пропорционалды бөлу әдісін пайдалану кезінде Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме шегерімге жатқызатын бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарының сомасы бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстары мен есептік көрсеткіш сомаларының көбейтіндісі ретінде айқындалады.
2. Есептік көрсеткіш бейрезидент-заңды тұлғаның таңдауы бойынша мына тәсілдердің біреуі:
1) бейрезидент-заңды тұлғаның есепті салықтық кезеңде Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырудан алған, осы Кодекстің 688-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын жылдық жиынтық кірісі сомасының бейрезидент-заңды тұлғаның көрсетілген салықтық кезеңдегі шет мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес айқындалған жылдық кірісінің жалпы сомасына арақатынасы;
2) орташа шаманы (ОШ) үш көрсеткіш бойынша анықтау: бейрезидент-заңды тұлғаның есепті салықтық кезеңде Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асырудан алған, осы Кодекстің 688-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын жылдық жиынтық кірісі сомасының бейрезидент-заңды тұлғаның көрсетілген салықтық кезеңдегі шет мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес айқындалған жылдық кірісінің жалпы сомасына арақатынасы (К); Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменің есепті салықтық кезеңнің соңындағы жағдай бойынша қаржылық есептілігінде ескерілген негізгі құралдарының бастапқы (ағымдағы) құнының бейрезидент-заңды тұлғаның осындай салықтық кезеңдегі негізгі құралдарының жалпы бастапқы (ағымдағы) құнына арақатынасы (НҚ); Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемеде жұмыс істейтін персоналдың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі есепті салықтық кезеңнің соңындағы жағдай бойынша шығыстар сомасының бейрезидент-заңды тұлға персоналының осындай салықтық кезеңдегі еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстардың жалпы сомасына арақатынасы бойынша есептеп шығарылады (ЕТ). Орташа шама мынадай формула бойынша айқындалады: ОШ = (К + НҚ + ЕТ)/3.
3. Пропорционалды бөлу әдісін пайдалану кезінде бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарының сомасын Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме халықаралық шарттың талаптары сақталған жағдайда және онда мынадай растайтын құжаттар:
1) бейрезиденттің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесінің қаржылық есептілігінің көшірмелері;
2) шет мемлекеттің құзыретті органы растаған, салықтық кезеңдегі жалпы кірісі көрсетіле отырып, шет мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес жасалған бейрезидент-заңды тұлғаның салықтық есептілігінің көшірмелері;
3) бейрезидент-заңды тұлғаның өзі құрылған және (немесе) осындай заңды тұлға резиденті болып табылатын мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес жасалған, бейрезидент-заңды тұлғаның атауы жазылған мөрімен (ол болған кезде), сондай-ақ басшының қолтаңбасымен куәландырылған қаржылық есептілігінің көшірмелері болған кезде ғана шегерімге жатқызады. Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген қаржылық есептілікте немесе салықтық есептілікте: басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстар сомасы; жалпы жылдық кіріс сомасы; персоналдың еңбегіне ақы төлеу бойынша шығыстар сомасы; негізгі құралдардың бастапқы (ағымдағы) және баланстық құны бөлек жолмен бөліп көрсетілуге тиіс;
4) осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген қаржылық есептілікте көрсетілген басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстардың сомасын: шығыстардың түрлері бойынша бейрезидент-заңды тұлғаның бөлінетін шығыстарын; Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеменің басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарын бөлек көрсете отырып таратып жазу;
5) бейрезидент-заңды тұлғаның қаржылық есептілігінің аудиті бойынша аудиторлық есептің көшірмелері (осындай қаржылық есептіліктің аудиті жүзеге асырылған кезде) болған кезде ғана шегерімге жатқызады. Егер шет мемлекетте Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, кірістер мен шығыстарды айқындауды есепке алудың өзгеше әдісі қолданылса, басқарушылық және жалпы әкімшілік шығыстарды бөлудің тікелей әдісі ғана қолданылады.
Бапқа тұрақты сілтеме
https://adilet.kz/laws/nk/st-709/